Қарағанды облысында екі күннен бері дала өрті сөнбей жатыр (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Тілсіз жауды ауыздықтауға ондаған өрт сөндіруші мен арнайы техника жұмылдырылды

видеодан скриншот

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дала өрті шықты. Өрт Тегісшілдік ауылдық округінің аумағында, Тегісшілдік ауылынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 10 шақырым жерде құрғақ шөптің жануынан тұтанған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖМ мәліметінше, оқиға орнына құтқару бөлімшелерінің күштері дереу жіберілген. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 52 қызметкері мен тоғыз техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 32 қызметкері мен жеті техникасы, сондай-ақ Бесоба ауылындағы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру жасағының бес мүшесі мен бір техникасы жұмылдырылды. Жалпы алғанда, дала өртін сөндіруге шамамен 120 адам мен 22 техника тартылған.

Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрт толық сөндірілді. Ведомство елді мекендерге қауіп жоқ екенін атап өтті.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт шамамен 3000 гектар аумақты шарпыған. Әлеуметтік желілерде тұрғындар даланың екі тәулікке жуық уақыт бойы жанып жатқанын, ал түтіннің алыс қашықтыққа дейін таралғанын жазған. Сондай-ақ Қарқаралы тұрғындары қалада қою түтін басып, күйік иісі қатты сезілгенін айтқан.