«Семей орманындағы» өрт штабтың бақылауында: 600-ден астам адам тілсіз жаумен күресіп жатыр (ВИДЕО)
Өртті сөндіруге жүздеген маман, ондаған техника мен авиация жұмылдырылды
Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында шыққан ірі орман өрті ерекше бақылауға алынды. Өрт ошағына Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және Абай облысының әкімі Берік Уәли барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, олар өрттің ең күрделі учаскелерін аралап, жергілікті жердегі жедел ахуалды бағалады.
ТЖМ мәліметінше, өрт аумағында жедел штаб жұмыс істеп тұр. Шыңғыс Әрінов өртті сөндіру жетекшісінің баяндамасын тыңдап, күштер мен техниканың орналасуын тексерді. Сондай-ақ құтқарушылар тобын күшейту және өртті сөндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру бойынша қосымша тапсырмалар жүктеді.
Қазіргі уақытта өртті сөндіруге 600-ден астам адам, 160-тан астам жерүсті техникасы және жеті тікұшақ жұмылдырылған. Өртті оқшаулау жұмыстары тәулік бойы, оның ішінде түнгі уақытта да жалғасып жатыр.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, «Семей орманындағы» ірі өртті сөндіру барысында авиация 123 мәрте су төгіп, өрт ошағына жалпы 157 тонна су жеткізілген.
16 шілде күні Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы саны 10 орман өрті тіркелген. Оның біреуі Қарағанды облысында, төртеуі «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында, алтауы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болған.
«Ертіс орманындағы» өрттердің басым бөлігі найзағайдың түсуінен шыққан. Қазір мамандар аумақты тексеріп, өрт ошақтарын оқшаулау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Құтқару қызметінің мәліметінше, өңірлерде аптап ыстық пен құрғақ ауа райының сақталуына байланысты өрт қаупі өте жоғары деңгейде қалып отыр. Осыған байланысты барлық жұмылдырылған бөлімшелер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген.
Еске салайық, орман өрті 16 шілде күні таңертең Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Бородулиха филиалына қарасты Қамышенка орманшылығының 57-кварталында тұтанған. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері және облыс әкімдігінің күштері тартылған.
Бұған дейін өрттің таралу қаупіне байланысты «DosbolLike» балалар лагерінен 220 адам, оның ішінде 190 бала мен 30 қызметкер эвакуацияланған болатын. ТЖМ алдын ала бағалауынша, өрт шамамен 60 гектар аумақты шарпыған. Жағдай жедел штабтың тұрақты бақылауында тұр.