Түркия мен Дубайға қыдыртқан: Қазақстанда қаржы пирамидасын ұйымдастырған алаяқтың ісі сотқа жолданды
Ол адамдарды «табыс әкелетін инвестициялық бағдарламаларға қатыстырамын» деп алдаған
«World Business Consulting» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеп-тексеру амалдарын аяқтады. Күдікті шетелден экстрадицияланып, іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылы күдікті азаматтардың сеніміне кіріп, «жоғары табыс әкелетін инвестициялық бағдарламаларға қатыстырамын» деген сылтаумен олардан ақша жинап алған. Ал компанияның ешқандай ресми лицензиясы болмаған және іс жүзінде ешқандай инвестициялық қызметпен айналыспаған. Қаражат тек қолма-қол түрде қабылданып, ешқандай бухгалтерлік құжаттармен рәсімделмеген. Заңды қызметтің көрінісін жасау үшін салымшыларға онлайн-платформада жеке кабинеттер ашып, онда жалған «табыс» көрсеткіштерін бейнелеп отырған. Ескі салымшыларға төлемдер тек жаңадан қосылған қатысушылардың ақшасы есебінен төленген. Жаңа құрбандарды тарту үшін арнайы таныстырылымдар, үгіт-насихат шаралары ұйымдастырылып, тіпті Дубай мен Түркия қалаларына бірлескен сапарлар өткізген.
2024 жылы күдіктіге халықаралық іздеу жарияланып, сот санкциясымен сырттай қамауға алу шарасы қолданылған болатын. Арада екі жыл өткенде, яғни 2026 жылғы қаңтарда ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Сондай-ақ сот шешімімен күдіктінің жер учаскесіне тыйым салынды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі қаржылық алаяқтыққа қарсы ауқымды жұмыс жүргізді. Нәтижесінде 15 қаржы пирамидасының қызметі толық тоқтатылды. Жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу мақсатында ұйымдастырушылардың жалпы құны 662 млн теңгені құрайтын мүлкіне тыйым салынды. Әлеуметтік желілердегі 25 мыңнан астам қатысушысы бар 22 чат бұғатталды. «Кибернадзор» жүйесі арқылы заңсыз контент белгілері бар 1,1 мың сайт пен аккаунттың көзі жойылды.
Құзырлы органдар азаматтарды барынша қырағылық танытып, өз қаражатын күмәнді, лицензиясы жоқ қаржы ұйымдарына салмауға шақырады.