Оқиға орнына қосымша күштер мен техникалар жіберіліп жатыр
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватындағы өртті сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазіргі уақытта өртті сөндіруге резерваттың мемлекеттік орман күзетінің 86 қызметкері мен 31 бірлік техникасы, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның су төгу құрылғысымен жабдықталған 2 тікұшағы, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 38 қызметкері мен 10 бірлік техникасы, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігінің Ми-8 тікұшағы жұмылдырылды.
«Қазавиаорманқорғау» РМҚК тікұшақтары 24 рет су төгіп шықты. Сонымен қатар қосымша күштер мен техникалар өрт ошағына бағытталды. Жағдай тұрақты бақылауға алынған.
Өрт 16 шілдеде таңғы сағат 09:45-те, «Семей орманы» мемлекеттік орман резерватының Бородулиха ауданы Қамыш кварталында басталған. Қазіргі уақытта облыста күн қатты ысып, жел басталып, қауіпті күшейтті. Қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Полиция қызметкерлері өрт ошағына жақын маңда орналасқан «DosbolLike» балалар лагерінен 190 баланы және 20 қызметкерді дереу қауіпсіз жерге көшірді.
ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Қорғаныс министрліктері және басқа да ведомстволар бірлесе отырып, апат аймағында тәулік бойы жұмыс істейді. Осыған байланысты министрлік тұрғындарды құтқару қызметкерлерінің талаптарын қатаң сақтауға, қауіпті аймаққа жақындамауға және арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырды.
Еске салайық, 2023 жылы 8 маусымда «Семей орманы» резерватында өрт шығып, 14 орманшы көз жұмған. 12 маусым аза тұту күні болып жарияланды.