Рақымшылық: мемлекет азаматтардың 22 миллиард теңгеден астам айыппұлын кешірді

Автор: Темірхан Айжан

Барлығы 590 мың азаматқа амнистия қолданылды 

Фото: iStockphotos

Ішкі істер органдарының бағыты бойынша 590 мың азамат амнистияға ілікті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оларға қатысты 1,3 миллионнан астам әкімшілік өндіріп алу тоқтатылып, жалпы сомасы 22 миллиард теңгеден асатын айыппұлдар есептен шығарылды.

Амнистия қоғамның қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірмейтін жағдайларда ғана қолданылады.

 «Амнистия – бір реттік ізгілік шарасы. Ол болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Егер азамат қайтадан құқық бұзса, ол заң талаптарына сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Ішкі істер министрлігі азаматтарды заң талаптарын сақтауға, өзгелердің құқықтарын құрметтеуге шақырады. Құқық бұзушылық жасамау – жауапкершіліктен сақтанудың ең дұрыс жолы. Ал «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның басты негізі, — деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Мұрат Қабденов.

1 шілдеде Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына орай жарияланған амнистия туралы Заңға қол қойды. Бұл – адамгершілік пен ізгілікті негізге алған маңызды шешім. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік амнистия өткізілді.