Жәбірленушілердің жақыны іс жабылып қала ма деп қорқады
Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Көксай ауылында түнгі сағат 01:00 шамасында туған күн тойлап жатқан отбасының ауласына жеңіл көлік кіріп кетіп, екі әйел ауыр жарақат алды. Оқиға кезінде тұрғындар аулада дастарқан басында отырған. Куәгердің айтуынша, кенеттен қатты тарс еткен дыбыс шығып, артынша көлік адамдар отырған жерге беттеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бәрі бір-ақ сәтте болды. Қасымда бес жастағы қызым отырған. Не болғанын түсінбей қалдым. Әйтеуір оны қалай жасырып, көліктен қорғап үлгергенімді өзім де білмеймін», – дейді оқиға куәгері, жарақат алған қыздардың жақыны.
Оның айтуынша, бастапқыда көлікте рөлдегі қыз ғана болғаны айтылған. Алайда кейін көршілерден көлікте үш адамның отырғанын естіген. 23 жастағы жүргізуші куәлігі жоқ қыз рөлге отырған, ал көліктің иесі артқы орындықта отырған. Оның жанында тағы бір жігіт болған. Кейін көлік иесі оқиға орнынан кетіп қалып, «мен көлікті берген жоқпын» деп айтып жатқан көрінеді.
Апат салдарынан екі әйел ауыр жарақат алды. Бірінің бірнеше қабырғасы сынған, жағдайы біршама жақсарған. Ал екіншісінің аяғына ампутация жасалған. Қазір ол ес-түссіз, жағдайы өте ауыр.
«Қан өте көп кетті. Біз ғана емес, бүкіл көршілер жедел жәрдемге қайта-қайта хабарластық. Бірақ олар шамамен 40-45 минуттан кейін, тіпті бір сағатқа жуық уақыт өткенде ғана келді. Кейін полиция жетті, ал жол-патрульдік полицияны тұрғындар түнгі үш-төртке дейін күтті», – дейді ол.
Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккендердің бірін Шамалғанға, ал аяғына ампутация жасалған әйелді Қалқамандағы аудандық ауруханаға жеткізген.
«Біз Шамалған ауруханасына жедел жәрдеммен жеткен кезде рөлде отырған қыз сол жерде жүрді. Рөлге мас күйінде отырған . Тексергеннен кейін солай айтқан сияқты», - дедйі жәбірленушілердің жақыны.
Жарақат алған әйелдің сіңілісі істің әділ тергелмей, жабылып қалуынан қауіптенетінін айтты. Осы жайтқа байланысты редакция Алматы облысы Полиция департаментіне ресми сауал жолдады. Әзірге ведомстводан жауап түскен жоқ.