«Полиция тергемей жатыр»: Соққыға жығылып, мүгедек болған жігіттің отбасы Президенттен көмек сұрайды
Оны көршісі соққыға жыққан
Алматыда көршісі соққыға жығып, артынан ауыр жарақаттан мүгедек болып қалған жас жігіт әділдік іздейді. Оқиға осыдан төрт ай бұрын Әуезов ауданы аумағында болған. Үйіне ауыр жағдайда жеткізіліп, дер кезінде дәрігерлер көмегіне жүгінбеген. Соның салдарынан азамат мүгедек болып қалған. 23 жастағы жігіттің анасы ,ұған істі жабуға тырысқан тұлғалар кінәлі дейді .
Жәбірленушінің анасы Маржангүл Нұрсейіттің айтуынша, баласы Дәуренбек Алтынбек биыл 21 наурызда танысы Күмісбек Өмірәлиевпен кездесуге кеткен. Олар көрші тұрған. Кездесу кешкі уақытта қаладағы Шәймерденов көшесінің бойындағы №175 мектеп-гимназия маңында болған. Алайда, танысы оны түнгі сағат 22-00 шамасында ауыр жарақат алған күйі үйіне алып келген. Олар «Индрайвер» такси желісінің қызметін пайдаланған.
«Дәуренбекті 21 наурыз күні Өмірәлиев Күмісбек деген көршісі ұрып, соққыға жыққаны анық. Оны кешкісін сағат сегізде үйден алып кеткен сол еді. Түнгі 22:30-да ұрып соғып, қан-жоса күйінде үйге таксимен алып келген. Міне, содан бері төрт айдан асты. Баланың тіл-аузы жоқ, аяғы да жүрмей қалды. Бір көзі жұмылып қалды. Содан бері әділдік таппай жүрміз», - дейді жігіттің анасы.
Суретте: Дәуренбек Алтынбек
Бірнеше айдан бері төсекке таңылған жас жігіттің отбасы, 3 жасар қызы бар. Соққыға жығылған азаматтың жұбайына Күмісбек Өмірәлиев 20 мың теңге ақша ұсынып, жедел жәрдем мен полиция шақырмауды сұраған. Өзі емдетіп, көмектесетінін айтқан. Ол кезде ес-түсін білетін Дәуренбек көршісінің бұл өтінішімен келіскен. Алайда бірнеше күннен соң жігіттің жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түседі. Содан бері ол не сөйлемейді, не жүрмейді.
«Біз полицияға арыздандық. Іс басталды, ал балам ауруханада жатты. Содан соң біз қылмыстық істің мән-жайын білу үшін полицияға келдік. Әуезов аудандық РОП (аудандық полиция бөлімі - авт.) бізді қабылдаған да жоқ, мән-жайды дұрыстап түсіндірмеді де. Ринат есімді полиция қызметкері айналысып жатыр деді. Бірақ бір ай бойы ол телефонын көтермеді. Жауап та ала алмай жүрдім. Амалым таусылған соң, Әуезов аудандық прокуратурасына барып арыз жаздым. Сосын барып Ринат өзі көлігімен мені қуып келіп, жолықты. Менен арыз алды да, тағы да созбаққа салып жүріп алды. Содан кейін прокуратураға екінші рет арыз жаздым. Көп ұзамай прокуратура өкілдері де бұл заңсыздықты қараудан бас тартты», - дейді жәбірленушінің анасы.
Іс 29 сәуірде қылмыстық істердің бірыңғай реестеріне тіркелген. ҚР ҚК 106-бабы, «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» дерегімен тергеу басталған. Ал 28 мамырда сот-медициналық сараптама жасалып, Дәуренбек Алтынбектің денсаулығына келген залал ауыр деп танылыпты. Бірақ Әуезов аудандық полиция бөлімі кінәліні анықтап, жауапқа тартуға асығар емес. Жігіттің жақындары аман-сау кеткен адамды мүгедек жасаған Күмісбек Өмірәлиев екеніне сенімді.
«Біз ел Президентінен, Алматы қаласы Полиция департаментінен, Алматы қаласы прокуратурасынан осы істің әділ тергелуін сұраймыз. Баламызды ұрған адам жазасын алсын. Ол өмір бақилық мүгедекке айналды. Басына екі рет операция жасалды. Жүре алмайды, сөйлемейді және бір көзі де көрмейді. Полицияға мән-жайды айта алмай отыр. Отбасы бар, кішкентай қызы бар. Қызы да жылайды. Әкем неге сөйлемейді деп сұрайды. Сол жанымызға батады. Маған органдар осының тиісті жауабын берсін», - дейді М. Нұрсейіт.
Белгілі заңгер Кәмшат Есмұхамбетқызы аталған істі өз қадағалауына алып, жақында тиісті органдарға сауал хаттар жолдаған.
«Бұл жерде бастысы, күдікті бар. Бірақ оқиға орнында жағдайдың қалай болғаны белгісіз. Үйіне келгенде Өмірәлиев жәбірленушінің әйеліне сальто жасап, басымен бордюрге құлап қалды деп айтпаған. Бірақ күдікті ақша ұсынып, мені ұрды деп айтпашы, денсаулығыңды өзім қадағалаймын дегенді де айтып кеткен. Көршілес тұрған соң, ақыл-есінен ауып тұрған сәтте жәбірленуші келіскен. Артынан Күмісбек Өмірәлиев 150 мың теңге алып келіп, әйелінен қолхат жаздырып алған. Сондықтан кімнің кінәлі екені түсінікті болып тұр ғой. Полиция неге осы мән-жайларды ескермей отырғаны түсініксіз?!» - дейді заңгер.
«Индрайвер» такси желісінің өкілі екі жігітті үйге алып келе жатқанда, өзара сөйлескендерін, жәбірленушінің Өмірәлиевті өзін ұрды деп айыптағанын естіген. Ол – нақты куәгер. Ол қан-жоса болған адамға жедел жәрдем немесе полиция шақырмаған. Бірақ қазір такси жүргізушісі куәгер ретінде сұралса, істің мән-жайын айта алар еді. Заңгер мұны да құқық қорғау органдары ескермей отырғанын айтады.
«Бұл жерде Әуезов аудандық прокуратурасының істі қадағаламайтынын, істерге жүрдім-бардым қарауының кесірін көріп отырмыз. Демек, кез келген адам жәбірленіп, құқығы ескерілмей, заңдық талаптар орындалмайды деген сөз. Адам мүгедек болып қалды. Ол оны өзіне өзі істеген жоқ. Тіпті, тергеу органдары қосымша экспертизалар жасау арқылы істің ақ-қарасын анықтаған жоқ. Демек, бұл істе бір тараптың қызығушылығы бар. Сол себептен, жәбірленушінің құқығы тапталып отыр. Тергеушілердің уақытында істі қарамауына істі жабуға әрекет жасауы деген баға беремін», - дейді заңгер.
Күмісбек Өмірәлиевтің өзі журналистермен сұқбаттасудан бас тартты. Өзін оның жұбайы Күмісай Өмірәлиевамын деп таныстырған әйел іспен полицияның айналысып жатқанын айтты. Ал Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл істің тергеліп жатқанын және жақын күндері істің сотқа жолданатынын мәлімдеді.
«Аталған дерек әлі Әуезов аудандық Полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінің өндірісінде. Қылмыстық іс материалдарының негізінде сотқа дейін жететін болады. Қазіргі таңда тиісті сараптамалар тағайындалған. Соның нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. "Ө" есімді азамат қылмыстық іс бойынша сезікті деп танылды. Одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Қазіргі таңда Қылмыстық кодексте көрсетілген нормалар бойынша жүргізілген тергеу амалдары мен сараптама қорытындысына қарай іс сотқа барады», - деді С. Әзірбек.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы