Қазақстаннан 16 мың литрден астам жанармайды заңсыз алып шығу әрекеті тоқтатылды

Автор: Алмас Ерсін

Күшейтілген бақылау басталғалы бері шекарада жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 392 әрекеті анықталды

Фото: ҚР МКК

Қазақстанда жанар-жағармай материалдарының мемлекеттік шекара арқылы тасымалына бақылау күшейтілді. Тексерулер автомобиль өткізу бекеттерінде де, шекара маңындағы аудандарда жұмыс істейтін мобильді топтар арқылы да жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар мамандар күн сайын ішкі нарықтағы жағдайды бақылап, жанармай құю станцияларындағы сату көлемі мен шағын мұнай өңдеу зауыттарының қызметін талдап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күшейтілген бақылау басталғалы мобильді топтар 122 автоцистернаны тексерген. Кейбір жағдайда сараптама жүргізу үшін жанармай сынамалары алынған.

Тексеру нәтижесінде жалпы көлемі 16 мың литрден асатын жанар-жағармайды заңсыз алып шығудың 392 әрекетінің жолы кесілді. Көбіне жанармай көліктерге жасырын орнатылған қосымша бактар мен канистрлер арқылы шығарылмақ болған.

Осындай оқиғалардың бірі 6 шілдеде Батыс Қазақстан облысында тіркелді. «Сырым» өткізу бекетінде қызметкерлер жүк көлігінің қосымша багына жасырылған 1,2 мың литр дизель отынын елден шығаруға жол бермеді.

Тағы бір дерек 8 шілдеде Павлодар облысында анықталды. Железин ауданындағы мобильді топ «Урлютөбе» өткізу бекетіне бет алған көлікті тоқтатып, оның ішінде тауарға ілеспе құжаттары жоқ 4 мың литрден астам бензинді анықтады.

Қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін бағалау мақсатында Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев Қазақстан–Өзбекстан мемлекеттік шекарасы учаскесіне барды. Жұмыс сапары барысында бақылау іс-шараларын ұйымдастыру мәселелері қаралып, бақылауды күшейтуге бағытталған қосымша шаралар айқындалды.

Сондай-ақ Жол картасын іске асыру аясында шекара маңындағы жанармай құю станциялары мен шағын мұнай өңдеу зауыттарының қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде 103 хронометраждық тексеру тағайындалды.