Полиция ата-ананың жауапкершілігі өте маңызды дейді
Жыл басынан бері Жетісу облысында 8 бала суға кетіп, мерт болған. Бұл туралы облыстың полиция департаменті мәлімдеп, дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өкінішке қарай, жыл басынан бері Жетісу облысының су айдындарында 8 кәмелетке толмаған бала қайғылы жағдайда көз жұмды. Бұл балалардың біразы ересектердің қарауынсыз қалған және шомылуға арналмаған, жабдықталмаған жерлерде суға түскен», - деп хабарлайды облыстың полициясы.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су айдындарында профилактикалық жұмысты күшейткен. Дәлірек айтсақ, олар жағажай мен жаппай демалыс орындарын патрульдеген.
«Полиция ата-аналарға балаларды өзен-суға жалғыз жібермей, оларды үнемі бақылау керегін ескертеді», - деп хабарлайды облыстың полиция департаменті.