Полиция үй иесін ұстады. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптамалар тағайындалды
Алматының Түрксіб ауданында полицейлер жеке тұрғын үйдің жертөлесінен полиэтиленге оралған ер адамның мәйітін тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу жетті. Қаза тапқан адамның жеке басы анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізген және қайғылы оқиға болған күні сол үйде болған.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері үйдің иесін ұстады.
«Оның түсіндіруінше, ер адам анықталмаған жағдайда өлімге әкелетін жарақат алған. Алайда күдікті болған оқиға туралы жедел қызметтерге хабар берудің орнына, тергеу нұсқасына сәйкес, мәйітті жертөлеге жасырып қойған. Кейін оны полиция қызметкерлері тапты», – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті.
Адам өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптаманы қоса алғанда, бірқатар сот сараптамасы тағайындалды.