Алматы облысында Түрген өзені арнасынан асып, тұрғындар эвакуацияланып жатыр (ВИДЕО)

Толассыз жауыннан кейін Түрген өзенінің суы көтеріліп, қауіпсіздік мақсатында тұрғындарды эвакуациялау басталды

Алматы облысында Түрген өзені арнасынан асып, тұрғындар эвакуацияланып жатыр (ВИДЕО)
видеодан скриншот

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында толассыз жауған жаңбыр салдарынан Тұрген өзеніндегі су деңгейі көтерілді. Осыған байланысты туристік аймақтарда болған адамдарды эвакуациялау жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Судың көтерілуіне байланысты Тұрген – Ассы автожолының 25-шақырымындағы учаскені су басты. Сонымен қатар Тұрген өзенінің бойындағы 6-9 шақырым аралығында орналасқан алты киіз үй мен «Түргенсай» демалыс аймағына жақын аумақтарды да су шайған. Өзен бойындағы қолдан жасалған жаяу жүргіншілер көпірлері ішінара бүлінген.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, туристік аймақтарда болған адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тексеру барысында БАК бойындағы автожолдың 54-шақырымында орналасқан көпірдегі су өткізгіш құрылғының маңын су шайып жатқаны анықталды. Әкімдік бұл көпірдің 2024 жылы апатты деп танылғанын хабарлады.

Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қауіпсіздік мақсатында 1 шілдеден бастап Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыстық маңызы бар КВ-49 «БАК бойындағы автожол» бағытында көліктің барлық түрінің қозғалысын уақытша тоқтатты.

«Шектеу Еңбекшіқазақ ауданындағы таулы аймақта нөсер жауыннан кейін Тұрген өзенінің ағысы күшейіп, жол қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндіруіне байланысты енгізілді. Сонымен қатар көпірді су шайып кету қаупі бар», – деп мәлімдеді ТЖД.

Жағдайды үйлестіру үшін Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовтің, аумақтық бөлімшелердің, полицияның, төтенше жағдайлар қызметінің және өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен жедел штаб құрылды.

«Жағдай бақылауда. Су басудың салдарын жою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді аудан әкімдігі.