Көлік өртінен екі қыз анасымен бірге көз жұмды
Дәрігерлер Ақтөбедегі автогаз құю бекетінде өртенген көліктен аман шығарылған жүргішінің жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
54 жастағы жүргізуші қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр.
«Науқастың денесінің 45 пайызын күйік шалған. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде барлық қажетті ем-домды алып жатыр», - деп мәлімдеді аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Галина Әмірова.
Еске салсақ, қайғылы жағдай 19 маусымға қараған түні Ақтөбе қаласындағы автогаз құю бекеттерінің бірінде болды. Көлік өртеніп, әйел адам мен оның кәмелетке толмаған екі қызы қаза тапты.
Облыстық полиция департаментінің ақпараты бойынша, оқиғадан кейін автогаз құю бекетінің иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта заң бұзушылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция қызметкерлері төтенше жағдайдың барлық мән-жайлары мен себептерін анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.