Алматыда әйел патрульдік көлікке тас лақтырып, қашпақ болды (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Құқық бұзушыны полиция қызметкерлері ұстап алды. Әйелдің психоэмоциялық жағдайын бағалау үшін Алмалы аудандық полиция басқармасына жедел жәрдем бригадасы шақырылды

instagram.com/almaty.official видеосынан скриншот

Алматыда әйел адам өтіп бара жатқан патрульдік полиция көлігіне тас лақтырып, кейін оқиға орнынан қашуға әрекеттенген. Оқиға сәті әлеуметтік желіде тараған видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бейнежазбада әйелдің қызметтік автокөлікке тас лақтырып, артынша қаша жөнелгені көрінеді. Алайда полиция қызметкерлері оны қуып жетіп, ұстап алған.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушының жеке басы анықталған.

«Азаматша өтіп бара жатқан патрульдік автокөлікке тас лақтырғаннан кейін полиция қызметкерлері тарапынан ұсталды», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Полицияның дерегінше, әйел ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ оның әрекеті себепсіз әрі оғаш сипатта болғаны атап өтілді.

Осыған байланысты Алмалы аудандық полиция басқармасына әйелдің психоэмоциялық жағдайын бағалау үшін жедел медициналық жәрдем бригадасы шақырылған.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын полиция қызметкерлері анықтап жатыр.