Қазақстан футболының жұлдызы Дастан Сәтпаев мектепті үздік бітірді
Аттестатын қолына алған футболшы енді Аустралияға аттанады
Дарынды футболшы Дастан Сәтпаев мектеп бітіру кешіне қатысып, орта білім туралы аттестатын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жақында ғана Алматының «Қайрат» футбол клубымен ресми түрде қоштасқан спортшы мектептің үздік түлегінің бірі атанды. Мұғалімдерінің айтуынша, Дастан Сәтпаев оқу бағдарламасын сәтті тәмамдап, үлгілі тәртібімен және сабақтағы жоғары бағаларымен ерекшеленген.
Мектеп әкімшілігі әлеуметтік желідегі ресми мәлімдемесінде спортшының жетістігін мақтан тұтатындарын жеткізді.
«Бүгін мектебімізде 11-сынып түлектеріне аттестат тапсыру салтанаты өтті. Мектебімізде білімді де талантты оқушылар көп. Биыл да «Алтын белгі» иегерлері мен үздік аттестат иелері қанат қақты. Бүгін директорымызбен бірге түлектерге аттестат табыстау құрметі бұйырды. Әсіресе, ерекше дарынды шәкірттеріміздің жетістіктеріне қуанып тұрмын. Солардың бірі – біздің мақтанышымыз, талантты футболшы Дастан Сәтпаев. Осындай шәкірттердің болашағына куә болып, аттестатын табыстау – үлкен мәртебе. Барша түлектерге ақ жол, жарқын болашақ және биік белестер тілеймін», - делінген мұғалімдердің жазбасында.
Айта кетейік, өткен жылы Дастан Сәтпаев Англияның «Челси» клубымен 5 жылдық келісімшартқа қол қойған болатын. Құны 4,3 миллион еуроны құраған бұл ауқымды трансфер отандық футбол тарихындағы рекордтық көрсеткіш ретінде тіркелді.
Дастан Сәтпаев 29 маусым күні «Челсидің» негізгі құрамымен бірге Аустралияда өтетін маусымашар оқу-жаттығу жиынына аттанады.