Қарағандыда біреудің көлігін өртеп кеткен адам іздестіріліп жатыр

Өрттің арты адам өліміне әкеле жаздады 

Қарағандыда біреудің көлігін өртеп кеткен адам іздестіріліп жатыр
Фото: depositphotos

Қарағандыда қаскөй автокөлікті әдейі өртеп, қашып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өрт көрші тұрған киіз үй мен азық-түлік дүкеніне өтіп кеткен. Төтенше жағдай 19 маусымға қараған түні сағат 03:14-те Әлихан Бөкейхан ауданының Мануильский көшесіндегі №15 үйдің маңында болған.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнебақылау камерасының жазбасынан басына қалпақ киген белгісіз адамның жеңіл көлікке жақындап келіп, үстіне тұтандырғыш сұйықтықты лақтырып, лезде табанын жалтыратқанын көруге болады. Содан кейін автокөлік лаулай жөнелген.

Қызыл жалын көліктің жанында тұрған қаңқалы киіз үйге, одан әрі бөлек тұрған бір қабатты азық-түлік дүкені шатырына жайылды. Өрттің жалпы аумағы 70 шаршы метр болды.

«Өрт сөндіру жұмысы кезінде ТЖД күштері жарылыстың алдын алу мақсатында дүкен ішінен 3 газ баллонын сыртқа шығарды. Тілсіз жау сағат 04:04-те толық ауыздықталды», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Куәгерлердің айтуынша, өртенген киіз үйдің ішіндегі адам құтқарылып, сыртқа шығарылды. Ресми мәлімет бойынша, оқиғадан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Қазіргі уақытта өрттің мән-жайы анықталып жатыр.