Чикаго қаласында Обамаға арналған орталық ашылған
Чикаго қаласында Обама президенттік орталығының ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шара барысында АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы Мишель Обама жолдасы Барак Обамаға арнап сөз сөйледі. Салтанатты рәсімде Мишель Обама экс-президенттің өмірлік және саяси жолына тоқталып, оның отбасылық құндылықтарға адалдығын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі cbsnews-ке сілтеме жасап.
«Сен маған осыдан көп жыл бұрын бүкіл әлемді сыйлауға уәде бере алмайтыныңды, бірақ қызықты өмір сыйлай алатыныңды айтқан едің. Сен өз уәдеңнен асып түсіп, маған екеуін де бердің», - деді Мишель Обама.
Бұрынғы бірінші ханым жолдасының бойындағы «теңдік, жанашырлық, адалдық, инклюзивтілік пен әділдік» секілді негізгі адамгершілік құндылықтар туралы айтқан. Сол сөзі Барак Обаманы ерекше толқытып, оның көз жасын сүрткені камераға түсті.
Сондай-ақ Мишель Обама күйеуінің 8 жыл президент болғанда жеткен жетістіктерін, ел басына күн туған қиын сәттер мен саяси қысымдарға қалай төтеп бергенін айтты. Оның айтуынша, жаңа орталық тек бір адамның немесе оның үкіметін мақтау үшін салынбаған, оның халық үшін пайдасы әлдеқайда көп.
Рәсімге АҚШ-тың саяси элитасы мен халықаралық деңгейдегі мәртебелі қонақтар қатысты.
Аумағы 19 гектарды құрайтын кешен жеке қайырымдылық қорлардың қаражаты есебінен тұрғызылған.