Каспийдің жағасында тегін гүл таратқан кәсіпкер 86 мың теңге айыппұл арқалады

Автор: Темірхан Айжан

Ол жергілікті атқарушы органнан рұқсат алмаған болып шықты 

Фото: скриншот

Ақтауда елге тегін гүл таратқан кәсіпкер айыппұл төлйетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada-ға сілтеме жасап.

Жергілікті кәсіпкер 13 маусым күні ұйымдастырылған би кешінде әкімдіктің рұқсатын алмай, іс-шараға қатысушыларға тегін гүл таратқан. Жиналғандар гүлдерді талан-таражға салған. Бір-бірін таптай жаздаған адамдардың видеосы әлеуметтік желіде жария болды. 

«Аталған деректен кейін Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің өкілдері мен учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп, кәсіпкерге түсіндіру жүргізді. Нәтижесінде тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Енді оған 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Қала әкімдігі қоғамдық орындарда кез келген жарнамалық акцияларды өткізу, сондай-ақ гүл, азық-түлік, киім-кешек және басқа да тауарларды тегін тарату шаралары уәкілетті мемлекеттік органдармен міндетті түрде келісілуі тиіс екенін ескертеді. Келісім болмаған жағдайда ұйымдастырушылар заң алдында әкімшілік жауапкершілікке тартылады.