Алматы облысында суши жеген 19 адам уланып, ауруханаға түсіп қалды

Автор: Темірхан Айжан

Тамақтану орны уақытша жабылды 

Фото: iStockphoto

Алматы облысы Іле ауданына қарасты Боралдай кентінде тұрғындар тағамнан жаппай уланып қалды. «Алатау» базарының аумағында орналасқан «Sushi Time» кафесінен тамақтанған 19 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми мәліметке сәйкес, алғашқы хабарлама түскен сәттен бастап өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, денсаулық сақтау мекемелері және жергілікті атқарушы органдар шұғыл іске кіріскен.

«Қазіргі уақытта Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы арнайы тексеру жүргізіп жатыр. Сондай-ақ зертханалық сараптама жасау үшін тағам өнімдерінен сынамалар алынып, тиісті материалдар уәкілетті органдарға жолданды», - делінген ресми хабарламада.

Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында және оқиғаның мән-жайы толық анықталғанға дейін «Sushi Time» дәмханасының қызметі уақытша тоқтатылды. Жаппай уланудың нақты себептері зертханалық зерттеулердің қорытындысы шыққаннан кейін жарияланады.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тұрғындарды жаз мезгілінде сырттан тамақтану кезінде барынша сақ болуға шақырады.

«Қоғамдық тамақтану орындарын таңдағанда нысанның санитариялық жағдайына және өнімдердің сақталу талаптарына назар аударыңыз. Құсу, диарея немесе дене қызуының көтерілуі сияқты алғашқы белгілер байқалса, өздігінен емделмей, дереу медициналық көмек шақыру қажет», - деді мамандар.

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.