Теміржол саласына жасанды интеллектке негізделген Smart Rail жүйесі енеді - министрлік

Автор: Темірхан Айжан

Қазір деректер қоры жинақталып жатыр 

Фото: Үкімет

Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев теміржол саласын цифрландыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Саланың барлық негізгі объектілері бойынша деректерді бірыңғай Data Lake қалыптастыруда. Алдағы уақытта Smart Rail жүйесін енгізу көзделген. Бұл жасанды интеллект пен аналитиканы қолдану арқылы басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде шығындар азайып, қауіпсіздік күшейеді. Осылайша, Министрлік саланың цифрлық саясатын қалыптастырды, іс-шараны орындауын бақылауда ұстайды», - деді Нұрлан Сауранбаев.

Сонымен қатар министр соңғы бес жылда транзит көлемі 20 млн тоннадан 33 млн тоннаға дейін өскенін атап өтті.

«Алдағы жылдары бұл көрсеткішті екі есеге арттырып, 2030 жылы транзит көлемі 67 миллион тоннаға, ал 2040 жылы 100 миллион тоннаға жеткізу жоспарда бар. Үш жыл ішінде 1 мың 391 шақырым жаңа теміржол салу, мың шақырым жолды жаңғырту, жылжымалы құрамды жаңарту, терминалдық желіні кеңейту және цифрлық сервистерді дамыту көзделіп отыр», - деді ол.

Аталған іс-шаралар теміржол желісінің өткізу қабілетін арттырады.