Елдегі тозығы жеткен локомотивтердің үлесі 49 пайызға төмендеді
2028 жылға дейін локомотивтерді ауыстыру жалғасады
Локомотивтердің тозу деңгейі 74 пайыздан 49 пайызға дейін төмендеді. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім еткендей, 2014-2019 жылдары локомотив сатып алу көлемінің төмен болуына байланысты, парктың дефицитіне әкелген еді. Соңғы жылдары локомотивтер паркін жаңарту бойынша ауқымды бағдарлама іске асырылды. Қазіргі таңда локомотивтер паркі тасымалдау қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. 2028 жылға дейін отандық өндірістегі жаңа локомотивтерді жеткізу жалғасатын болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Теміржол саласында негізгі үш бағыт бар. Олар – локомотивтер мен вагондар паркі, және магистральдық теміржол. Бұл элементтерді дамыту үшін жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр: өткізу қабілетін көбейту және болашақтағы сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беру. Қазіргі уақытта локомотивтердің орташа жасы 30 жылдан 21 жылға дейін қысқарды. Сонымен қатар, локомотивтердің техникалық жағдайы жақсарып, дизель шығыны біраз қысқарды Әлемдегі жетекші өндіруші Wabtec мәліметі бойынша ҚТЖ-ның локомотивтері 93 мемлекеттің арасында ең тиімді деп есептеледі. Өндірісті және сервисті локализациялауға ерекше назар бөлінген. Бұл жұмыстар отандық өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң әсерін тигізеді», - деді министр.
Сондай-ақ министрліктің мәліметіне сәйкес, кейінгі бес жылда көлік және қоймалау қызметінің көрсеткіштері 2 жарым есеге артып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 12,2 триллион теңгеге жетті.