«Бас сүйегі сынып, көзі қатты жараланған»: Қарағандыда полиция қызметкері екі бойжеткенмен бірге жол апатына түскені рас па

Ауыр жараланған қыздың анасы жол-апатына кінәлі полиция қызметкері жазадан құтылып кете ме деп қорқады

«Бас сүйегі сынып, көзі қатты жараланған»: Қарағандыда полиция қызметкері екі бойжеткенмен бірге жол апатына түскені рас па
Фотоколлаж: Azattyq ruhy

Қарағанды қаласында өз қаражатына «Киелі шаңырақ»  деген орталықтың негізін қалаған кәсіпкер Ләззат Мусина Azattyq Rýhy редакциясына хабарласып, көмек сұрады. Бұл ретте мәселе кәсібімен емес, бауыр еті баласы – Томирис Иманбаеваның оқиғасымен байланысты. Бір апта бұрын, маусымның 11- күні сағат таңғы 7.00-де Ләззат ханымның қызы отырған көлік Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданына қарасты Петровка елді мекенінің маңында аударылып, жол апатының салдарынан Томирис өте ауыр жарақат алған. Қазір оның жағдайы ауыр деп болжанып отыр.  

Дәрігерлердің айтуынша, Томиристің бас сүйегінің негізі сынған, бас сүйегінің ішіне ауа кірген. Миы қатты зақымданып, самай сүйектері мен бас сүйегінің бірнеше жері сынған. Бұдан бөлек, омыртқасы мен бел тұсынан жарақат алған. Ең ауыр жарақаттың бірі – көзіне келген зақым. Анасының айтуынша, бір көзінің көру жүйкесі үзіліп кеткен. Қазір ол көзі мүлде көрмейді.

Томиристің анасы Ләззат Мусина жол апатына қатысты көптеген сұрақтың жауапсыз қалып отырғанын айтады. Оның сөзінше, ауа райы ашық, жол құрғақ болғанына қарамастан көліктің жолдан шығып, аударылып кетуі күмән туғызады. Сондай-ақ ол қызының жанында болған құрбысының сөзін алға тартады. Құрбысының айтуынша, апат кезінде көлік тізгінінде Төлеген есімді полиция қызметкері отырған.

«Жүргізушінің аты-жөнін қызымнан да  сұрадым. Ол маған жүргізушінің аты Төлеген екенін айтты. Алғашында нақты есіне түсіре алмағанымен, кейін атады. Қызымның қазіргі жағдайын көріп отырсыздар. Маған бір ғана нәрсе керек , ол – әділ тергеу. Көлікті кім жүргізді, апат қалай болды, соның бәрі ашық әрі заң аясында тексерілуі тиіс», – дейді анасы.

Алайда тергеу барысында түсініктеме Төлегеннің өзінен емес, 1959 жылы туған әкесінен алынғаны белгілі болған. Анасының сөзінше, осы жайт көп сұрақ туғызады.

«Егер көлікті шынымен Төлеген жүргізсе, онда неге түсініктеме басқа адамнан алынған? Неге оның әкесі жүргізуші ретінде қарастырылған? Таң атпай  егде жасқа келген адам екі бойжеткеннің қасында не істеп жүр?», – дейді ол.

Қазіргі кезде оқиғаға қатысты әртүрлі нұсқалар айтыла бастаған. Атап айтқанда, белгілі бір ұйым өкілдері жол-көлік апатына кінәлі болуы мүмкін полиция қызметкері оқиға кезінде отбасымен бірге болғаны туралы ақпарат таратып жүр. Алайда бұл мәліметтер оқиғаның шынайы мән-жайын көмескілеуге немесе істің бағытын басқа жаққа бұруға бағытталғандай әсер қалдырады, дейді жәбірленушінің анасы.

Одан бөлек, Ләззат Мусина тергеу барысындағы кейбір жайттардың үлкен сұрақ туғызатынын жеткізді. Оның айтуынша, апаттан кейін қыздың туыстарына дер кезінде хабар берілмеген. Сондай-ақ жол апатына түскен көлікті жедел-тергеу тобы толық жұмысын аяқтамай тұрып оқиға орнынан алып кеткен. 

«Бізде сұрақ көп. Әдетте мұндай жағдайда көлік маңызды айғақтардың бірі емес пе? Неліктен ол бірден оқиға орнынан шығарылды? Осыны түсінгіміз келеді», – дейді ол.

Бұдан бөлек, Томиристің анасы жол-көлік оқиғасы тіркелген жерде түсірілген фото және бейнежазбаларға қатысты да сауал көтерді.

«Оқиға орнында түсірілген материалдар болуы керек қой. Фотофиксация, бейнефиксация қайда? Сол материалдардың барлығы тергеу барысында толық зерттеліп, оқиғаның нақты қалай болғаны анықталуы керек деп есептейміз. Жол-апатына кінәлі, қызымда осындай жағдай жеткізген адам жазалануы тиіс», – дейді Ләззат Мусина.

Аталмыш жол-көлік оқиғасына қатысты мән-жайды нақтылау үшін Azattyq Rýhy редакциясы Қарағанды облысы полиция департаментінен комментарий күтіп отыр.