Павлодарда есірткіні азық-түлік ретінде сатып келген «кәсіпкер» мен туыстары 7 жылға сотталып кетті (ВИДЕО)
Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі хабарлап отыр
Павлодар қаласындағы «кәсіпкер» З.Алекперов деген азамат біраз уақыт бойы есірткіні азық-түлік өнімдері ретінде сатып келген. Ең сорақысы, бұл қылмысқа ол жақын туыстарын да тартқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы мониторинг агенттігінің Павлодар қаласындағы департаменті есірткі құралдарының заңсыз айналымы және қылмыстық кірістерді заңдастырған азаматтың ісін сотқа дейін жеткізген.
«З.Ф. Алекперовтің есірткі заттары қосылған көкнәр тұқымдарын азық-түлік өнімі ретінде көрсетіп, заңсыз өткізуді ұйымдастырғаны анықталды. Қылмыстық схемаға күдіктінің жақын туыстары да қатысқан. Олардың арасында жеткізу, сақтау, буып-түю және өткізу міндеттері бөлінген. Өнімдер басқа өңірден логистикалық компаниялар арқылы таралып отырған», - деп хабарлайды ҚМА.
Тінту барысында есірткі заттары араластырылған көкнәр тұқымдарының буып-түйілген партиялары тәркіленді. Қаражат қолма-қол ақша түрінде де, банк аударымдары арқылы да қабылданған.
«Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушы екі автокөлік сатып алып, оларды жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген. Сот үкімімен Алекперов пен оның екі сыбайласына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді. Сондай-ақ құрамында есірткі заттары бар 321 келі көкнәр тұқымы жойылды», - деп хабарлайды ҚМА.