Қазақстан білікті инженерлерінен айырылып жатыр: Катарда 600-700 отандасымыз еңбек етіп жүр
Олар 31-ден 40 жасқа дейінгі ер азаматтар
Қазақстандық мұнайшылар Катарға ағылып жатыр. Бүгінде Дохада 600-700 отандасымыз еңбек етіп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Qazaq Expert Club» зерттеуіне сүйенсек, олардың көпшілігі - Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі отандық кен орындарында жұмыс істеген тәжірибелі инженерлер.
Зерттеушілер Катарда жұмыс істеп жүрген 54 қазақстандықтан сауалнама алып, алты адаммен сұхбат жүргізілген. Қатысушылардың басым бөлігі - жұмыс өтілі 11 жылдан асқан, 31-ден 40 жасқа дейінгі ер азаматтар. Сауалнамаға жауап бергендердің жартысына жуығы мұнай-газ саласында, соның ішінде инженерлік және өндірістік лауазымдарда қызмет етеді.
Мамандардың шетелге қоныс аударуына негізінен жоғары жалақы мен халықаралық тәжірибе жинауға деген ұмтылыс себеп болған. Катарға көшкен қазақстандықтардың 94 пайызының табысы өссе, оның ішінде 74 пайызының еңбекақысы кем дегенде екі есе артқан. Дегенмен, жоғары табыс мансаптың бірден өсуіне кепілдік бермейді, өйткені респонденттердің тек 43 пайызы ғана лауазымының жоғарылағанын айтқан.
Шетелге жаппай көшу үрдіс отандық нарыққа қауіп төндіреді. Ел тәжірибелі мамандарынан айырылып жатыр.
Сарапшы Арман Шоқпаровтың пікірінше, егер Қазақстан білікті кадрларды өз ішінде алып қалғысы келсе, отандық компаниялар жаһандық жұмыс берушілермен бәсекелесіп, еңбек жағдайын дұрыстау керек. Қазіргі уақытта Катарда жүрген отандастарымыздың тек 28 пайызы ғана келісімшарт мерзімі аяқталған соң елге оралуды жоспарлап отыр, ал қалғандары Катарда қалуды немесе үшінші бір мемлекетке қоныс аударуды көздейді. Экспаттардың басым бөлігі Катардағы өмір сүру мен жұмыс істеу тәжірибесін ұнатқанын мәлімдеген.