Астанада қымбат көлікке мініп, Есілдің жағасына шыққан жас жігіт қамалды (ВИДЕО)
Полиция оның әрекетін әлеуметтік желіні мониторингтеу кезінде анықтаған
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Астана полициясы «Lexus» маркалы автокөліктің 19 жастағы жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны бейнеленген видеоны анықтады. Бейнежазбада жүргізушінің автокөлікпен тротуар бойымен жүріп, жаяу жүргіншілерге қауіп төндірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана полициясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, жас жігіт тәртіп бұзып қана қоймай, оны әлеуметтік желіге жүктеп, одан әрі таратқан.
«Тексеру нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол тротуармен жүргені, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік басқарғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Сот шешімімен жүргізуші 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», - деп хабарлайды Астана полициясы.