Жетісу облысында бір-біріне есірткі «қарыздаған» екі әйел ұзақ жылға сотталып кетті
Олар сондай-ақ есірткіні өздері де қолданған
Жетісу облысы Текелі қалалық соты психотроптық заттарды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу фактілері бойынша айыпталған екі әйелдің ісін қарап, бірін сегіз жылға, екіншісін үш жылға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жетісу соттарының баспасөз қызметі хабарлағандай, басты күдікті 2025 жылдың қыркүйек айында заңсыз түрде «мефедрон» психобелсенді затын сатып алып, сақтаған, оның бір бөлігін өзі пайдаланған. Кейін ақшалай қарызы бар таныс әйелдің қарызын өтей алмаған соң, ақшаның орнына психотроптық зат беріп, құтылмақ болған.
«2025 жылғы 16 қыркүйектен 17 қыркүйекке қараған түні басты күдікті Алматы қаласынан Талдықорған қаласына келіп, қарыз алған әйелмен кездескен. Одан кейін олар Текелі қаласына барып, бірге психотроптық зат қолданған. Кейін күдікті ішінде бірнеше орамдағы «мефедрон» бар сөмкені қарыз алған құрбысының қолына тастап кеткен. Бұдан әрі басты күдікті өзінде қалған психотроптық заттың бір бөлігін алып жүріп, оны басқа бір есірткі затына айырбастау мақсатында кездесу ұйымдастырған. Алайда, Текелі қаласына келген кезде полиция қызметкерлері оны ұстаған», - деп хабарлайды Жетісу соттары.
Полиция күдікті әйелді тінте отырып, оның көлігінен ұнтақ тәрізді зат салынған орамдар мен есірткі заттарын қолдануға арналған құралдарды тауып, тәркілеген.
«Басты күдікті сөмкесінде психотроптық зат бар екенін біле тұра, оны заңсыз сақтап, өзінің автокөлігімен Талдықорған қаласы аумағында тасымалдағаны анықталды. Полиция қызметкерлері оны ұстаған кезде сөмкеден есірткі заты табылып, тәркіленген. Сот сараптамаларының қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар Қазақстан Республикасының заңнамасымен айналымына тыйым салынған «мефедрон» психотроптық зат», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сотта осы іс бойынша басты күдікті әйел кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген. Дегенмен, сот екі әйелдің әрекеті де ауыр қылмыс екенін, сондықтан, қарызын есірткімен қайтармақ болған әйелді 8 жылға, ал, онымен бірге есірткі қолданған әйелді 3 жылға соттады.