Олар сондай-ақ «снюс» өндіріп сатқан
Түркістан облысының прокуратурасы «насыбай» және «снюс» өсіріп, оны сатып, заңсыз табыс тапқан үш ірі жасырын өндірісті анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркістан облысының Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел-іздестіру тобы үш жасырын өндірісті Келес және Ордабасы аудандарынан тапқан.
«Заңсыз өндірістің жалпы аумағы 500 шаршы метрден асқан. Өндіріс орындарында күнделікті шамамен 20 адам жұмысқа тартылып отырған. Ал дайын өнім еліміздің әртүрлі өңірлеріне тұрақты түрде жөнелтіліп келген», - деп хабарлайды Түркістан облысының прокуратурасы.
Тінту шаралары кезінде заңсыз айналымнан 1 миллионнан астам дайын өнім, 30 тонна темекі, 2 миллион дана қаптама материалы, түрлі хош иістендіргіштер мен химиялық қоспалар, сондай-ақ өндірістік жабдықтар тәркіленген.
«Сарапшылардың бағалауынша, тәркіленген шикізат көлемі шамамен 60 миллион дана. Күдіктілердің соты өтіп, сот үкімімен әртүрлі жылдарға сотталды», - деп хабарлайды Түркістан облысының прокуратурасы.