Павлодар облысында маса қаптады: тұрғындар үйден шыға алмай отыр

Тұрғындардың айтуынша, қорғаныс құралдарынсыз далаға шығу қиынға соғып отыр

Павлодар облысында маса қаптады: тұрғындар үйден шыға алмай отыр
Фото: © istockphoto.com

Әлеуметтік желілерде Павлодар облысындағы Шошқалы ауылында шыбын-шіркейдің қаптап кеткені түсірілген видео қызу талқыланып жатыр. Кадрларда жүздеген масаның бір мезетте ер адамға жабылғанын көруге болады. Аптап ыстықта киген қалың киімнің өзі оны жәндіктерден қорғай алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы бірнеше ауылдың тұрғындары көшелерді маса басып кеткенін айтып шағымданды. Олардың сөзінше, ауада үздіксіз ызың естіліп тұрады.

Әсіресе Жаңа Зауыт, Шошқалы, Бозалан, Садықашы және Шалдай ауылдарында жағдай күрделі. Тұрғындардың айтуынша, қорғаныс құралдарынсыз сыртқа шығу іс жүзінде мүмкін емес. Ауыл тұрғындары әлеуметтік желілерде масаның шаруашылықпен айналысуға, бақшада жұмыс істеуге және балалармен серуендеуге кедергі келтіріп жатқанын жазуда. Тіпті аулаға аз уақытқа шығудың өзі қиындыққа айналған.

Павлодар облысының әкімдігі аталған ауылдардағы жағдайдың шынымен күрделі екенін мәлімдеді.

Тұрғындардың шағымынан кейін елді мекендерге облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасының өкілдері, ғылыми топ мамандары және аудан әкімдігінің қызметкерлері барған.

Мамандар масаның әдеттен тыс жаппай көбеюі тіркелгенін растады. Олардың мәліметінше, мұндай жағдай соңғы екі-үш күн бойы байқалып отыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, орман өрттерін сөндіру кезінде су алуға пайдаланылған жасанды су қоймалары мен ауылдарға жақын жерде пайда болған шағын су айдындары масаның көбеюіне себеп болуы мүмкін.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, облыстық бюджет есебінен масаға қарсы ауқымды өңдеу жұмыстары негізінен Ертіс өзені бойындағы қалалар мен аудан орталықтарында жүргізіледі. Атап айтқанда, Павлодар, Ақсу қалаларында, сондай-ақ Май, Ақтоғай, Ертіс, Железинка аудандарында, Аққулы мен Тереңкөлде жүзеге асырылады. Шарбақты ауданы бұл бағдарламаға кірмейді.

«Ертіс өзеніне қатысы жоқ жайылмалық емес және далалық аумақтарды, оның ішінде Успен, Шарбақты, Баянауыл аудандары мен Екібастұздың ауылдық аймағын өңдеу қарастырылмаған. Бұл аумақтарда тек жекелеген учаскелер мен балалар лагерьлері орналасқан орындарға тосқауылдық өңдеу жүргізіледі», – деп түсіндірді жер қойнауын пайдалану басқармасында.

Соған қарамастан, ведомство тұрғындардың шағымдары бойынша қажетті шаралар қолға алынғанын хабарлады. 10 маусымнан бастап зардап шеккен ауылдарда бүріккіш құрылғылар мен ыстық тұман генераторының көмегімен ересек масаларға қарсы тосқауылдық өңдеу басталды. Сонымен қатар мамандар жәндіктердің дернәсілдерін жоятын «Бактицид» биологиялық препаратымен су айдындарын өңдеп жатыр.

Әкімдік өкілдері бұл шаралар жақын күндері жағдайды тұрақтандырып, маса санын азайтуға көмектеседі деп үміттенеді.