Сондай-ақ сталкингке қатысты жауапкершілік күшейеді
Қазақстанда жыныстық сипаттағы қылмыстық істерді әйел мамандар тергейтін болады. Бұл туралы Мәжілісте «Сталкинг пен некеге мәжбүрлеудің алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел кезінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша,бұл тәсіл зорлық құрбаны болған әйелдердің қайта-қайта психологиялық зардап шегуін жеңілдетеді.
Сонымен қатар, ведомство өкілі Қылмыстық кодекске жаңадан қосылған «некеге тұруға мәжбүрлеу» бабының қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Заң бойынша, мұндай қылмыстың құрбаны ретінде тек әйелдер ғана емес, ер азаматтар да танылуы мүмкін. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың пікірін жазған едік.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғаудың шарттары бар. Ол үшін болашақ жұбайдың немесе оның туыстарының тарапынан күш қолдану немесе қоқан-лоқы көрсету әрекеттері дәлелденуі керек. Егер істе сес көрсету немесе қорқыту белгілері болмаса, ол азаматтық-құқықтық сот аясында қаралады.
Ішкі істер министрлігі сталкингке қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отыр. Себебі сотты болған кейбір азаматтар жазасын өтеп келгеннен кейін де өз құрбандарын қайтадан аңдып, мазалауын тоқтатпаған. Сондықтан заңға «жүйелі түрде қайталау» деген арнайы тармақ енгізіледі. Заңнамалық түзетулер Мәжілістің қарауына берілген.