Алматы облысында ер адам көшенің ортасында танымайтын әйелді қылғындырған
Полиция күдіктіні іздеп жатыр
Алматы облысындағы Шамалған ауылында ер адам көшеде кетіп бара жатқан әйелге шабуыл жасады. Қаскөй жәбірленушінің мойнына жіп салып, буындырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әйелдің жақындарының айтуынша, оқиға 6 маусым күні кешкі сағат 20:05 кезінде өзен бойындағы жолда болған. Ер адам әйелді өлтіретінін айтып, қорқытып, үнін шығармауды талап еткен. Жәбірленушіні айналада жүрген адамдар құтқарып қалды, алайда күдікті қашып үлгерген. Ол бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ер адамның жеке басы әлі анықталған жоқ.
Оқиғаға қатысты Қарасай ауданының әкімдігі ресми түсініктеме берді.
«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша тіркелген қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді аудандық әкімдіктен.
Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайды бақылауға алғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайын ашу және күдіктіні ұстау үшін кешенді шаралар жүріп жатыр.
«Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын, сондай-ақ заңсыз әрекеттерге қатысы бар тұлғаны анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша құқықтық баға беріліп, тиісті процестік шешім қабылданады. Тергеу жалғасуда», – деп атап өтті ведомстводан.