Шайдоровтың Мальдив аралдарындағы демалысына бюджеттен қаржы бөлінді ме: министр жауап берді

Автор: Темірхан Айжан

Әр спортшының көрсеткен нәтижесіне қарай қолдау түрлері де дербес тәсілмен жүргізіледі

Фото: Сәли Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Михаил Шайдоровтың Мальдив аралдарындағы демалысы спорт федерациясының қаражаты есебінен ұйымдастырылған. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Иә, спортшылардың демалысы ұйымдастырылғаны рас. Алайда бұл мақсатқа бюджеттен ешқандай қаражат жұмсалған жоқ, барлық шығынды спорт федерациялары көтерді. Ал демалыс орнын таңдау - әр спортшының өз еркіндегі шаруа. Михаилды ғана емес, жалпы құраманы алсақ, бұл Олимпиада біз үшін өте табысты өтті. 18-21 жас аралығындағы спортшыларымыз 10 спорт түрі бойынша үздіктер қатарына енді. Осы орайда біз федерациялармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, әрбір спортшыға дербес қолдау көрсету тәсіліне көштік. Бұл еңбекақы мәселесінен бастап, жарақаттан кейінгі оңалту және қалпына келтіру шараларына дейінгі ауқымды процесті қамтиды. Енді әр атлеттің өзіне тән жеке дайындық жоспары болады. Соңғы бір жылда біз дәл осы тиімді жұмыс форматын берік қалыптастырдық», – деді ол.

Министр «спортшылардың бәріне Мальдив аралында демалуға жағдай жасала ма?» деген сұраққа жауап берді. Оның сөзінше, мемлекет пен федерациялардың қолдауы әр спортшының көрсеткен нәтижесі мен жеке дайындық бағдарламасына сәйкес, дербес тәсілмен үйлестіріледі.

«Мен былай дер едім, Олимпиада чемпионының жетістігі оның деңгейін айқын көрсетеді. Егер спортшы еліміздің туын көтеріп, жоғары нәтиже көрсетсе, онда біз федерациялармен және басқа да серіктестермен бірге оның толыққанды демалып, сапалы қалпына келуіне барлық жағдай жасауға дайынбыз. Алайда бұл қолдау тек медаль иегерлеріне ғана көрсетіледі деген сөз емес. Тағы да қайталап айтамын, ұлттық құрама сапына кіретін барлық спортшымен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жеке әрі нақты жұмыс жүргізіледі. Бүгінде әр өңірде спортты дамытуға арналған жеке бюджет қарастырылған. Спортшылар белгілі бір өңірдің өкілдері болғандықтан, олар республикалық бюджеттен еңбекақы алып қана қоймай, жергілікті бюджет есебінен де оңалту және қалпына келтіру бойынша қолдау алады. Бұл – мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған қолдау жүйесі. Қазіргі таңда өңірлердің спортқа бөлетін қаражаты осы жүйе арқылы тиімді пайдаланылып, аталған модель толыққанды жұмыс істеп тұр», – деді ол.