«Екі тарап та бір-бірін түсінбеген»: Михаил Шайдоровтың келісімшарты дауына жауаптылар жазаланды
Министр дауға нүкте қойып, ендігі назарды спортшының жаңа маусымға дайындығына аудару қажет екенін айтты
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Михаил Шайдоровтың келісімшартына қатысты мәселе толық шешіліп, кінәлі адамдардың жауапқа тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, келісімшарттың талаптары түсіндіріліп, құжатқа қол қойылған.
«Бұл жерде келісімшарттың стандартты екенін атап өткен жөн. Ол тек олимпиадашыларға ғана емес, барлық спортшыларға бірдей қолданылады. Сонымен қатар, бұл құжат халықаралық тәжірибеге, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің ұсынымдарына және Жоғары аудиторлық палатаның талаптарына сәйкес әзірленген. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының қысымына қарамастан, жекелеген спортшы үшін бөлек келісімшарт әзірлей алмаймыз. Барлық келісімшарттарда бірыңғай қағидалар қолданылады. Менің ойымша, біз Михаилмен бірге бұл жағдайды жан-жақты талдап, тиісті қорытынды жасадық. Шындығында, менеджерлер мен орындаушылар тарапынан коммуникацияда кемшіліктер болды, келісімшарт талаптары жеткілікті деңгейде түсіндірілмеген. Соның салдарынан осындай жағдайға тап болдық. Сондықтан бүгінгі таңда Михаилға қатысты мәселе толық шешілді деп есептеймін. Ендігі назарды спортшының жаңа маусымға дайындығына аударуымыз қажет», - деді министр.
Ербол Мырзабосынов дау тудырған Шайдоровтың келісімшартына байланысты тиісті тұлғалардың жазасын алғанын жеткізді.
«Осы жағдайға байланысты біз Олимпиада алдындағы циклдегі сияқты ішкі талдау жұмыстарын жүргіздік. Тағы да қайталап айтамын, екі тараптан да, яғни, орындаушылар мен менеджерлер тарапынан түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Осыған байланысты жауапты қызметкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді ол.
Еске салсақ, Миланда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров өзінің 5 ай бойы жалақы алмағанын сонымен бірге Туризм және спорт министрлігінің ойға қонымсыз шарт қойып отырғанын айтқан болатын. Оның мәлімдемесі қоғамда резонансты тақырыпқа айналды.