Балаға дөрекілік танытқан тіс дәрігері видеоүндеу жолдады (видео)
Видеоүндеуде тіс дәрігері өз кінәсін толық мойындап, баланың анасынан және қазақстандықтардан кешірім сұрайтынын жеткізді

Ақтауда тісін емдетуге келген бүлдіршінді орындыққа жұлқылай отырғызып, қатты дөрекілік танытқан дәрігер балақайдың отбасы мүшелерінен кешірім сұрап, видеоүндеу жолдады деп хабарлайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеоүндеуде тіс дәрігері өз кінәсін толық мойындап, баланың анасынан және қазақстандықтардан кешірім сұрайтынын жеткізді.
«Кеше болған жағдайға байланысты өз кінәмді мойындаймын. Кеше және бүгін баланың анасына барып кешірім сұрадым, алда да кешірім сұраймын. Халықтан кешірім сұраймын», – дейді ол.
Стоматолог оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.
«Осы жағдай туралы менің де айтып кететін жайттарым бар. Шамамен, 10:30-да анасы төрт баласымен облыстық стоматологияға келді. Ол есікті қағып, баласының мүгедек екенін айтып, кезектен тыс қабылдауымды сұрады.
Мен бірден келістім. Қабылдау барысында бірінші баланы отырғыза алмадым. Сосын қарындасының екі тісін жұлып бердім, барлығы жақсы өтті. Баланы отырғыза алмағандықтан, анасына кішкене дайындаңыз деп кабинеттен шығарып жіберген болатынмен. Екінші рет алып кіргенде бала тағы да бой бермей, анасының айтқанын тыңдаған жоқ, бала өте қорқып келді. Біз отырғыза алмадық.
Тағы отырғыза алмаған соң анасына қайта беруін баласының отырмайтынын, өте қиын екенін айттым. Алайда, ол төрт баламен арнайы осы баланың тісін жұлдыртуға келгенін, қалай да тісін жұлдыратынын айтты. Баланы дайындау үшін қайтадан сыртқа шығып кетті.
Үшінші рет сағат 12:30-да кірді, сол кезде осы жағдай орын алды. Бұл жағдайда баланы өте қатты шектен тыс жұлқығаным көрініп тұр. Бірақ мен баланы ұрған жоқпын. Тек кішкене қорқытып, отырғызып тісін жұлып берейін деген оймен ғана сол әрекетті жасаған едім. Еш адамға жамандық ойламаймын, тек жақсылық ойлаймын. Шын ниетіммен бәріңізден кешірім сұраймын», – дейді стоматолог.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын интернет кеңістігінде кішкентай балаға қатыгездік танытқан дәрігердің видеосы тарап кеткен болатын. Бейнежазбада медицина қызметкерінің бүлдіршінді жұлқылап жатқанын, алайда сол сәтте оның анындағы көмекшілерінің бұл жағдайға мүлдем назар аудармаған селқостығын көруге болады.
Осы оқиғадан соң, зардап шеккен баланың анасы бірден полицияға арыз жазған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары басталған. Ал бүлдіршін ДЦП аурына шалдыққан екен.