Жүргізушінің жеке басын табуға әлеуметтік желіде тараған резонансты видео себеп болған
Астанада реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан жасөспірімді қағып кеткен ақ түсті жол талғамайтын көліктің жүргізушісі анықталды. Жол-көлік оқиғасына байланысты полиция тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 3 маусым күні Сығанақ даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында болған. Оқиға сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан жасөспірімнің бағдаршамның рұқсат етілген белгісіне жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолдан өтіп бара жатқанын көруге болады. Осы кезде оны жол талғамайтын көлік қағып кеткен. Соққыдан кейін жасөспірім өздігінен орнынан тұрған.
Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Әсіресе олар жүргізушінің адамды қағып кеткеннен кейін тоқтамай, оқиға орнынан кетіп қалғанына назар аударды.
Астана қалалық полиция департаменті агенттік сауалына берген жауабында жүргізушінің жеке басы анықталғанын хабарлады.
«Toyota RAV4 автокөлігінің жүргізушісі анықталды. Ол реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінен өту кезінде жолдың жүру бөлігін бағдаршамның рұқсат етілген белгісіне өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Аталған жол-көлік оқиғасына қатысты барлық мән-жайды анықтау үшін тексеру жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», – деп мәлімдеді полиция.
Ведомствоның мәліметінше, тексеру аяқталғанға дейін Toyota RAV4 автокөлігі коммуналдық арнайы тұраққа қойылған.