Оңтүстік өңірлердегі жер сілкінісі: тұрғындарға арналған байланыс арналары іске қосылды
Жер сілкінісінен кейін екі облыста жедел желі іске қосылып, мамандар гидротехникалық нысандарға тексеру жүргізді
Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісінен кейін тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрліктің Telegram-арнасына сілтеме жасап.
«Қазселденқорғау» мекемесінің гидробекеттеріндегі бақылаушылар гидротехникалық құрылыстарға тексеру жүргізді. Министрлік мәліметінше, нысандардан жарықтар мен деформациялар анықталмаған, жағдай тұрақты.
Тіркелген жер сілкінісіне байланысты Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар үшін жедел желі ашты. Кеңес алу үшін 8 (7282) 32-44-36 нөміріне хабарласуға болады.
Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті де жедел желі жұмысын іске қосты. Тұрғындардың өтініштері мен сұрақтары 8 (72772) 2-60-97 нөмірі арқылы қабылданады.
ТЖМ жедел қызметтердің жергілікті атқарушы органдарды, полицияны және басқа да тиісті қызметтерді хабардар еткенін мәлімдеді.
«Тұрғындарды сабыр сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырамыз», – деп мәлімдеді ведомство.
Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісі кезінде сақталуы тиіс 10 негізгі ережені еске салды:
– сабыр сақтап, дүрбелеңге бой алдырмаңыз;
– жер сілкінісі кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз;
– жиһаздан, терезеден және люстрадан алыс тұрыңыз;
– қауіпсіз орын табыңыз. Егер жоғарғы қабатта болсаңыз, ғимараттың көтергіш қабырғаларының бұрышына орналасқан жөн;
– жер сілкінісі тоқтағаннан кейін көпқабатты ғимараттан шығып кетіңіз;
– су, газ және электр қуатын ажыратыңыз;
– алдын ала дайындалған дабыл сөмкесін өзіңізбен алыңыз;
– электр желілерінен, ғимараттар мен ағаштардан алыс жүріңіз;
– қайталама дүмпулерге дайын болыңыз;
– қарт адамдарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетіңіз.