Полиция қоғамдық тәртіпті қадағалайды
Мектеп бітіру кешін мейрамханада ұйымдастыратындарға ешқандай айыппұл салынбайды. Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі түлектер кешін дүркіретіп өткізуге тыйым салған еді, алайда бұл талаптың орындалуын полиция қадағалай алмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов түсіндіргендей, полицияның негізгі міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтардың алдын алу. Ал түлектер кешін өткізуге қатысты шектеулерді енгізген Оқу-ағарту министрлігі болып отыр.
«Бұл – Оқу-ағарту министрлігінің бастамасы. Ішкі істер министрлігі өз құзыреті аясында профилактикалық жұмыстарды жалғастырады. Полицияға түскен әр хабарламаны назардан тыс қалдырмай, уәкілетті органдармен бірлесіп жұмыс жүргіземіз», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, егер іс-шаралар барысында әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталса, кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, түлектер кештерін ұйымдастыруға тыйым салу немесе рұқсат беру бойынша полицияға арнайы өкім берілмеген. Ведомство тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету функциясын орындайды.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова түлектер кештері тек білім беру ұйымдарының аумағында өтуі тиіс екенін және сыртқы орындарда іс-шара ұйымдастыруға, сондай-ақ ақша жинауға тыйым салынғанын айтқан еді.