Жарақат көбейсе, жұмыстан қуылады: Бектенов ірі кәсіпорын басшыларына KPI енгізуді тапсырды

Автор: Темірхан Айжан

Ол жалақы мен жұмыс орнын босатуға әсер етеді 

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов өндірістік қауіпсіздікті күшейту мақсатында ірі кәсіпорын басшылары үшін еңбек қауіпсіздігі көрсеткіштері бойынша KPI енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Енді жұмыс берушілер кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауы қажет.

«Еңбек министрлігі өндірістік жарақат алу көрсеткіші бойынша ірі кәсіпорындардың басшылары үшін KPI енгізуі қажет. Оның орындалмай қалуы басшылықтың жалақысына және жалпы жұмыста қалуына тікелей әсер етуі тиіс. Қауіпсіздікке, автоматтандыруға және цифрландыруға салынған инвестициялардың қайтарымы да, әдетте бірнеше есеге жоғары екені анық. Әлемдегі ең озық өнеркәсіптік компаниялар осы қағидатты мықтап ұстанады. Дегенмен, еліміздің жекелеген кәсіпорындарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі деңгейінде белгілі бір тәуекелдер бар. Олардың дені тозығы жеткен жабдықтарды уақытылы алмастырмау, өндірістік бақылаудың әлсіздігі және заманауи қауіпсіздік жүйелерінің болмауына байланысты туындап отыр», - деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов ең алдымен, тау-кен, мұнай-газ және химия кәсіпорындарын ерекше бақылауда ұстау керегін айтты.

«Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жабдықтарды дер кезінде жаңартып отыру қажет. Бұл ретте, персоналды үздіксіз оқыту мен дайындық деңгейі де өте маңызды. Сонымен қатар аталған салада заманауи цифрлық мониторинг, бейнебақылау және өндірістік процесс пен қауіпсіздікті автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізу жұмыстарын жандандыру керек», - деді ол.