Жұмыстағы «харассмент» ұғымын заңдық деңгейде бекіту ұсынылды – министр
Заң жобасы Парламентке күзде енгізіледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс орнындағы жыныстық қудалау туралы заң жобасын әзірлеп жатыр. Ведомство басшысы Асқарбек Ертаев заң жобасының Парламент қарауына қашан енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысы бойынша енгізіліп отыр. Өткен жылы бірінші вице-министр лауазымын атқарып жүрген кезімде келіссөздер жүргізген едім. Сонда бірқатар елге, оның ішінде Қазақстанға да «харассмент» ұғымын заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылды», - деді Ертаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Ол қазіргі уақытта құжаттың бизнес-қоғамдастықпен бірге талқыланып жатқанын атап өтті.
«Еңбек министрлігі әзірлеп жатқан заң жобасына бір анықтамалық бөлімді енгізіп, тиісті нормаларды қарастырдық. Сондай-ақ, мұндай фактілер анықталған жағдайда жұмыс берушінің жалпы нормасы мен жауапкершілігі бекітіледі. Түзетулер белсенді түрде талқыланып жатыр. Заң жобасы Парламентке биылғы күзде енгізіледі», - деп толықтырды министр.