Оқиғадан соң 6 бала дәрігерге көрінген еді
Әлеуметтік желілерде Өскеменде жас велосипедшілерді көлік қағып кеткен сәті түсірілген жантүршігерлік видео тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнежазба кадрларынан жолдың ортасында келе жатқан жеңіл автокөліктің кенет бұрылып, жол жиегінде кетіп бара жатқан балаларды жайпап өткенін көруге болады. Велосипед мінген бір жасөспірім ғана соққыдан аман қалып, жүрісін үдетіп, көліктің алдына түсті. Ал қалған балалар айналаға шашыла құлады. Жүргізушінің әрекеті желі қолданушыларының ашу-ызасын тудырды.
Еске сала кетейік, оқиға 27 мамыр күні таңғы сағат 09:30 шамасында Ертіс өзені арқылы өтетін орталық көпірде болған. «Toyota Avensis» маркалы автокөлігінің жүргізушісі маневр жасау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамай, жол жиегімен кетіп бара жатқан велосипедшілер тобына соқтығысқан.
Апат салдарынан түрлі дәрежеде жарақат алған 6 кәмелетке толмаған жасөспірім медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.