Полиция оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады
Астанада төрт жастағы бүлдіршін терезеден құлап қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елорда полициясы Сарайшық көшесіндегі 7/1 мекенжайында болған қайғылы жағдайға қатысты ақпаратты растады. Мәліметке сәйкес, төрт жасар бала екінші қабаттың терезесінен құлап кеткен.
Полицияның мәліметінше, бүлдіршін алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
«Баланың терезеден құлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді қалалық полиция департаменті.
Еске салайық, осыған ұқсас қайғылы жағдай екі күн бұрын да Астанада болған еді. Ол кезде тағы бір төрт жастағы қыз жетінші қабаттың терезесінен москит торымен бірге құлап, көз жұмған болатын.
Құтқарушылар мен дәрігерлер москит торы балаларға тірек бола алмайтынын үнемі ескертіп келеді. Мамандардың айтуынша, ол жалған қауіпсіздік сезімін ғана қалыптастырады.
Осыған байланысты ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау, олардың жанында терезені ашық ұстамау, москит торына сенбеу, терезелерге арнайы бекіткіштер мен қорғаныс құрылғыларын орнату қажет екені тағы да ескертілді. Сондай-ақ мамандар балалар терезеге өздігінен жақындай алмауы үшін жиһазды терезе маңынан алысырақ қоюға кеңес береді.