Аталмыш оқиға Ақтаудағы стоматологиялық орталықтың бірінде орын алған
Интернет кеңістігінде кішкентай балаға қатыгездік танытқан дәрігердің видеосы тарап кетті. Бейнежазбадан медицина қызметкерінің бүлдіршінді қалай жұлқылап жатқанын көруге болады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бейнеролик Instagram желісіндегі aqtau_live парақшасында жарияланған. Автордың айтуынша, жаға ұстатарлық оқиға Ақтаудағы стоматологиялық орталықтың бірінде орын алған.
Видеодан әйел адамның баланы кабинетке кіргізіп, өзі қайтадан шығып кеткенін байқауға болады. Келіншек бүлдіршіннің анасы болса керек. Мазасыздана бастаған баланы дәрігер жұлқылап, стоматологиялық орындыққа лақтыра отырғызады. Медицина қызметкерінен одан бетер қорқып кеткен бүлдіршін қатты жылай бастайды. Сол кезде тіс дәрігері қолына бір құралын алып, баланы қорқытқан. Артынан оны тағы бірнеше мәрте жұлқылап тыныштандыруға тырысқан. Алайда, ашуға берілген ер адам бүлдіршінді ақыры кабинеттен шығарып тастайды.
Айта кетерлігі, қатыгездік танытқан дәрігердің қасында сол сәтте екі көмекшісі болған. Олар әріптесінің дөрекі әрекетіне мүлдем кедергі келтірмеген.
инАктау басылымының жазуынша, оқиғадан соң зардап шеккен баланың анасы бірден полицияға арыз жазған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда осы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары басталған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Басылымның хабарлауынша, бүлдіршін ДЦП аурына шалдыққан екен.