«Үш бәйтеректі» қорлады»: Астанада «Бейімбеттің басына мінген» қызды желідегілер жазалауды сұрап жатыр (ВИДЕО)

Автор: Темірхан Айжан

Оқиғаға журналист куә болған 

Фото: видеодан скриншот

Журналист Дүйсенәлі Әлімақын «Үш бәйтеректің» басына шығып алған жас қыздардың үстінен түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астанадағы журналистер аллеясында қазақтың «Үш бәйтерегі» атанған ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің, проза шебері Бейімбет Майлиннің, поэзия алыбы Ілияс Жансүгіровтің мүсіндері орналасқан. Сол аумақта жүрген қыздардың бірі Бейімбет Майлиннің «мойнына мініп», екі аяғын салақтатып отырған.

Оқиғаға куә болған журналист қыздарды сыртынан камераға түсіріп алған. Ол жастардың әдепсіз қылығын сынап, әлеуметтік желіге жазба қалдырды.

«Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен мынадай келеңсіз іске куәгер болдым. Ашу қысып қасына жетіп барып «бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?» десем, көздері адырайып, «что, что» деуден ары аспады. Сөзіме дәлел ретінде олардың бұл топастығын видеоға түсіріп алдым. Еш ұялу, кешірім сұрау жоқ. Бұл басыну ма әлде надандық па?», - деп ашуға булықты ол.

Желідегілер қыздарды сөгіп, заң өкілдерінен шара қолдануды сұрап жатыр. Біз осы іске қатысты Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен комментарий сұрадық.