Алматыда жалған тендер арқылы 490 млн теңге табыс тапқан 11 адам анықталды
Оның үшеуі қамауда, қалғандары қолхатпен үйіне шыққан
Қаржы мониторинг агенттігінің Алматы қаласындағы департаменті мемлекеттік сатып алу саласында ірі көлемде алаяқтық жасаған қылмыстық топты анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Басты күдікті , «КазСтройОпыт LTD» деп аталатын компания басшысы болған. Ол қылмыстық схема ойлап тауып, жекеменшік компанияларды «Электрондық депозитарий» жүйесіне жалған актілермен тіркеп отырған. Схемасы күдік тудырмау үшін компанияны консалтингтік қызмет көрсететін ұйым ретінде тіркеп қойған.
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық топ интернеттегі таргет арқылы «клиент» тауып отырған.
«Қылмыстық топтың ішінде 11 адам болған. Сонымен қатар, бұл қылмысқа Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғалары да қатысқан. Делдалдар оларға заңсыз сыйақы жеткізіп отырған», - деп хабарлайды ҚМА.
Ал, осы заңсыз схемадан түскен ақшаны «заңдастыру» үшін олар ақшаны әртүрлі компаниялардың шотына аударып, кейін «шешіп» алып отырған.
«Қылмыстық топ осы схема арқылы 490 млн теңге табыс тапқан. Тергеп-тексеру барысында жалған жұмыс тәжірибесін алған және мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталды», - деп хабарлайды ҚМА.
Қазір осы қылмысқа қатысы бар деген үш күдікті қамалған, ал сегіз адам қолхат жазып берген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.