Павлодар облысында автобуспен соқтығысқан көлікте екі бала зардап шекті

Жол апатынан екі бала мен екі ересек адам зардап шекті

Павлодар облысында автобуспен соқтығысқан көлікте екі бала зардап шекті
Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында автобус қатысқан жол-көлік оқиғасынан екі бала мен екі ересек адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апат фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

«Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, GOLDEN маркалы көлікпен соқтығысқан. Жол апатынан кейін Toyota көлігінің жүргізушісі мен жолаушылары ауруханаға жүгінді», – деп мәлімдеді полиция.

Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, облыстық балалар ауруханасына екі жасар қыз, 12 жастағы ұл бала, 35 жастағы әйел және 41 жастағы ер адам жеткізілген.

Екі жасар қыз ішкі ағзаларының соғылуына байланысты хирургия бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.