Қордайда 45 қойын алабай талап өлтірген малшы әкім мен шенеунікті сотқа беріп, жеңіп шықты
Иттің иесі табылмағандықтан, сотта Қордай ауданының әкімдігі мен ветеринарлық бөлім жауап берген
Жамбыл облысы Қордай ауданының соты 2024 жылы болған оқиғаның сотың қарап, шешім шығарды. Сот деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың қарашасында арыз жазып отырған адамның 45 қойын алабай талап кеткен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Шаруа иесі оқиға орнына әкімдік пен ветеринарлық қызмет өкілдерін шақырып, істі тіркеткен. Осыдан кейін полицияға арыз жазып, 45 қойының құнын өндіріп беруді сұраған.
«Иттің иесі табылмағандықтан, арыз жазған адам Қордай ауданының әкімі аппараты мен ветеринарлық бөлімінен материалдық залалды өндіріп алуды сұрады. Ал, әкімдік пен ветеринарлық бөлімнің мамандары малшының өзі қорасын дұрыс күзетпеген дегенді алға тартқан. Бірақ, шаруа бұны жоққа шығарып, қорасы жақсы қоршалғанын көрсеткен», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Әкімдік пен ветеринарлық бөлім иттің иесін таба алмаған, сондықтан, иесі жоқ деген қорытындыға келген.
«Сот анықтағандай, қаңғыбас жануарларды аулау және олардың санын реттеу функциялары ветеринарлық қызметке жүктелген. Сондықтан, сот аудан әкімдігін жауаптан босатып, малшының 45 қойының ақысын ветеринарлық бөлімнен өндіріп берді. Бір қойдың құны орташа 57 мың теңге деп есептеліп, малшы 2,5 млн теңге өндіріп алған», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.