Тоқаев Ыбықты сайға аты мен көлігінің нөмірін жазып кеткен жас жігітке қатысты қатаң тапсырма берді

Автор: Бақыт Шынар

Оған қатысты пікірін Тоқаев бүгін Ақордада айтты

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Ақордада мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық сана, мәдениетсіздік, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни, вандализмге түбегейлі тосқауыл қою керек екенін қадап айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соның ішінде ол Маңғыстау облысындағы ерекше үңгірлері бар Ыбықты Сайға зиян тигізген жігіт туралы айтып, бұндай әрекеттерді қайталамау үшін құқық қорғау органдарына тапсырма берді.

«Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни, вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Өкінішке қарай, соңғы уақытта тарихи және мәдени нысандарға қасақана зиян келтіру жағдайлары жиілеп кетті. Мысалы, жақында ғана Маңғыстау облысының Ыбықты сай шатқалында болған оқиға бойынша тиісті өкілетті органдар қатаң құқықтық қорытынды шығаруы керек. Біз тұтас қоғам болып осындай заңсыз әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы тұруымыз қажет. Заңды құрметтеу, табиғатты аялау, жауапкершілік, жасампаз патриотизм қағидаттары қоғамдық санада түбегейлі орнығуға тиіс. Бұл қасиеттер азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың дүниетанымы кең, мінез-құлқы дұрыс адам ретінде қалыптасуына негіз болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, ішкі істер министрлігі 12 мамыр күні бұл жігітті ұстап, ақпарат берген еді. полицияның мәліметіне сүйенсек, жігіт Ыбықты Сайға өзінің аты мен көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін ойып тұрып жазып кеткен.

«Полиция осы әрекетті жасады деген күдікпен Маңғыстау облысының 21 жастағы тұрғынын ұстап, изоляторға қамады», - деп хабарлаған еді сол кезде ІІМ.