Сот мәліметінше, әйел балаларын ұрып-соғып, денесін ыстық үтік пен қыздырылған шанышқымен күйдірген
Шымкентте өз балаларын азаптады деп айыпталған әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың мәліметінше, әйел 9 жастағы ұлы мен 11 жастағы қызына қорлық көрсеткен.
Тергеу нұсқасы бойынша, бәрі әйелдің ұлын темекімен көргенінен басталған. Ол баланы ұрып-соғып, кейін қыздырылған шанышқымен аузын күйдірген.
Келесі күні әйел баланың кешірім сұрағанына қарамастан, оны тағы да соққыға жыққан. Ал арада екі күн өткен соң балаларды 10 мың теңге ұрлады деп күдіктеніп, ұлының бетін ыстық үтікпен, қызының ішін күйдірген.
Одан кейін анасы балалардың шашын тақырлап алып тастаған. Сотта бұл әрекет балаларға психологиялық зардап келтіргені айтылды.
Сондай-ақ әйелдің балаларды өзенге апарып, мұздай суға секіруге мәжбүрлегені, кейін оларды қылқындырғаны анықталды.
Сотта әйелдің кінәсі балалардың өз жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, оқиға орнын қарау материалдарымен және айыпталушының мойындауымен дәлелденген.
Прокурор әйелді 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал жәбірленушілердің өкілі – әйелдің бұрынғы енесі – сотталушыны кешіргенін айтқан.
Айыпталушы өз кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, өзін колонияға жібермеуді сұраған.
«Сот жеңілдететін мән-жай ретінде кінәні мойындау мен өкінуді ескерді. Сондай-ақ әйелдің ата-ана құқығы шектелгені назарға алынды. Нәтижесінде сот оны Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1 және 2-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды», – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұл жағдай туралы алғаш рет әлеуметтік желіде жарияланған. Пабликтерде түрлі жарақат пен күйік алған, денелері таңылған әртүрлі жастағы балалардың видеосы тараған еді. Кейін бұл отбасында төрт баланың бар екені анықталды.
9 және 11 жастағы екі бала мектепке бармай қойғаннан кейін мұғалімдер дабыл қаққан. Артынша істі Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева бақылауға алған.