Жетісу облысында құмар ойын ойнаған шенеунік лауазымынан айырылды

Автор: Бақыт Шынар

Оның әрекетін прокуратура «мемлекеттік қызметке кір келтіру» деп бағалаған

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Жетісу облысы Ақсу ауданының прокуратурасы мемлекеттік қызметші бола тұра құмар ойын ойнаған бір адамды жұмысынан босатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дереккөз бұл адамның нақты қандай лауазымда болғанын хабарлаған жоқ.

«Ақсу ауданының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуына талдау жүргізу барысында әдеп нормасын өрескел бұзған шенеунікті анықтады. Атап айтқанда, мемлекеттік орган қызметкері заңмен белгіленген тыйымдарға қарамастан, құмар ойындарға қатысқаны белгілі болды», - деп хабарлайды прокуратура.

Осылайша, прокурордың актісінен кейін ер адам лауазымын босатып беруге мәжбүр болған.