Талдықорғанда жанжал кезінде 20 жастағы студент қаза тапты

Автор: Алмас Ерсін

Жанжал олардың бірінің өлімімен аяқталды

Фото: istockphoto.com

Талдықорғанда жанжал кезінде 20 жастағы студент қаза тапты. Полиция күдіктіні ұстап, сот оны екі айға қамауға санкция берді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

taldykorganec_kolesa парақшасында марқұмның анасының сөзінше, 7 мамыр күні кешке ұлы достарымен футбол көруге кеткені жазылған. Пәтерде шамамен он шақты адам болған, олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да жүрген.

«Жастар арасында жанжал шыққан. Кейін олар сыртқа шығып, біраз уақыттан соң қайта кездескен. Анасының айтуынша, мектеп оқушысы ұлын қайта шақырып алып, оған алты жерден пышақ жарақатын салған. Студент алған жарақатынан көз жұмды. Әйелдің айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін ол ұлымен бейнеқоңырау арқылы сөйлескен. Анасының сөзінше, баласы көңілді болып, әзілдесіп отырған және кейін қайта хабарласатынын айтқан. Марқұмның отбасы әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі адамның тиісті жазасын алуын талап етіп отыр», – делінген жазбада.

Жетісу облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.

«Мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер кешені атқарылуда», – деп мәлімдеді полиция.

Ведомство мәліметінше, тергеу барысы Жетісу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Сондай-ақ полиция департаменті ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын айтты.