Қарағандыда 17 жастағы жасөспірім қағып кеткен 8 жастағы қыз көз жұмды

Қайғылы оқиғадан кейін жасөспірімнің ата-анасына қатысты да қылмыстық іс қозғалды

Қарағандыда 17 жастағы жасөспірім қағып кеткен 8 жастағы қыз көз жұмды
Фото: istockphoto.com

Қарағандыда 17 жастағы жасөспірім мотоциклмен сегіз жастағы қызды қағып кетіп, бүлдіршін оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға 9 мамыр күні Көкпекті станциясында болған.

Полиция дерегіне сәйкес, кәмелетке толмаған жасөспірім «Эндуро» маркалы мотоциклді басқарып келе жатып, жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

«Алған жарақатынан бала оқиға орнында қайтыс болды. Ал кәмелетке толмаған жүргізуші түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді», – деп мәлімдеді ведомство.

Оқиға туралы ақпарат кейінірек белгілі болған. Еkaraganda.kz басылымы полицияға ресми сауал жолдағаннан кейін ғана мәлімет жарияланған.

Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасына қатысты да бөлек қылмыстық іс тіркелді. Олар көлік жүргізу құқығы жоқ адамға транспорт басқаруға рұқсат беріп, абайсызда адам өліміне әкелді деген күдікке ілінген.