Бозбалада тау ауруының белгілері байқалған
Алматы тауларында биіктікте денсаулығы сыр беріп, жүре алмай қалған 17 жастағы бозбаланы құтқарушылар эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға таудағы Космостанция ауданында болған. Теңіз деңгейінен 2500 метрден астам биіктікте бозбаланың денсаулығы күрт нашарлап, тау ауруының белгілері байқалған. Осы себепті ол төменге өзі түсе алмаған.
«Құтқарушылар зардап шегушімен үнемі байланыста болып, оның геолокациясын жылдам анықтады. Алматы ТЖД құтқару қызметінің қызметкерлері жедел түрде көмекке жетті», — деп мәлімдеді мекеме өкілдері.
ТЖМ қызметкерлері жасөспірімді таудан қауіпсіз жерге — «Алма-Арасан» экобекетіне дейін жеткізді.
Төменге түскеннен кейін туристің жағдайы бірден жақсарды. Оған медициналық көмектің қажеті болмағандықтан, жасөспірім үйіне қайтарылды.